Балқаш-Алакөл бассейнінде кездесетін бөгде туысқа жататын балық және басқа да су жануарлары

29.08.2024 311
рыба и криветка

XX ғасырдың ортасында еліміздің суайдындарына кәсіптік тұрғыдан құнды балықтарды жерсіндіру жұмыстары белең ала бастады. Өлкеге жат, бөгде туысқа жататын балықтар құнды балықтардың шабақтарын жіберу кезінде ілесіп келді. Сонымен қатар, елімізде бірнеше ірі трансшекаралық суайдындар да бөгде, жат түрлердің енуінің себепшісі болып табылады. Суқоймаға енген бөгде түрлер ортаға тез бейімделіп кетті.

Соңғы кездері (2021-2024 жж. мәліметтері бойынша) ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында Алакөл көлдер жүйесінде, Іле өзені мен Қапшағай суқоймасында аракідік бөгде түрлерден пелядь, тиляпия, қара амур тыраны, жыланбасбалықтар, сегізмұртты талма-балық, канал жайыны кездесетінін айта кеткен жөн. Одан өзге, ертеректе (шамамен 1950-1960 жж.) ҚХР-нан өсімдік қоректі балықтарды жерсіндіру кезінде енген кәсіптік маңызы жоқ, ұсақ, қытай кешенінің балықтары жиі кездеседі. Атап айтсақ, кекіре, амур шабағы, қытай қоңқақ мұрынды бұзаубас-балық, жалған теңге-балық, медака, элеотрис. Сонымен қатар, соңғы уақытта Қапшағай суқоймасынан омыртқасыз жануарлардан түктіқол краб пен жапон креветкасы кездесіп жүр.

Бөгде түрлердің шекаралас елдерден еліміздің суайдындарына енуі қазіргі кезге дейін жалғасын табуда. Жерсінген түрлер су экожүйесінде белгілі бір популяция туғызған соң бұл жүйедегі балық түрлерінің құрамы мен алуантүрлілігіне тікелей және жанама жолмен айтарлықтай әсер етеді. Бөгде балық түрлерінің суайдынымызға енуі мен оның себептерін және бөгде түрлердің нақты қай түрге жататынын анықтау үшін қазіргі таңда «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС ғалымдарымен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС
аға ғылыми қызметкері, PhD Аблайсанова Г.М.

Поделиться:

Похожие статьи